MANYZDY
OZ OIYM

Mendeleevke kenesshi bolgan alash zialysy Barlybek Syrttanuly

Mendeleevke kenesshi bolgan alash zialysy Barlybek Syrttanuly

Қазақ тарихының түбіне бойласаңыз, небір жауһарлар мен маржандарды тауып шығуға болады. Қазіргі дейін ұлт руханиятына еселеп қосылған талай жаңалықтар да ашылды. Тарихтың қатпарларында кезегін күтіп жасырынып жатқан жылнамалар мен тұлғалар қаншама десеңізші. Бірақ, бәрінің бір уақытта ашыла салмасы, бәрінің бір сәтте жарқ ете қалмасы тағы да ақиқат нәрсе. Әр нәрсе өз уақытын, өз кезегін күтеді. Мемлекеттің қалыптасуы үшін еңбек еткен ерен тұлғалардың есімдерін оралту үшін бүгінгі өскелең буынның қажырлы еңбегі керек-ақ.

Осы ретте жас ғалым, алаштанушы Елдос Тоқтарбайұлы ерекшелеп айтуға тұрарлық, өзгеге мақтанып көрсетуге лайық тұлғаның есімін әйгілеп отыр. Ол - Барлыбек Сырттанұлы. Бұрын еміс-еміс естілгені болмаса, еңбектері бөле-жара айтылып, істеген істері ел ауызында жыр болып көрген жан емес. Бірақ, қай кезде де тек барды бар етіп көрсетіп беретін тарих ақсақал - Барлыбектің барлық әрекетін паш етуге дайын отырғандай. Ол - тегін адам емес, ол - Қазақ мемлекетінің тұңғыш конституциясына негіз боларлық жарғысын жазып шыққан қайраткер екен. Басқа да біз білмейтін қызық деректер мен тәнті етерлік ерліктерін Елдос әңгімелеп берген. Тіпті қазіргі таңда дара тұлғаның есімін салмақтау мәселесіне парламенттің өзі ден қойып жатыр екен. Ендеше, көңіл қоялық.

Елдос, ең алдымен тарих қатпарларында елеусіз қалып кеткен Барлыбек Сырттановтың кім екеніне тоқталып өтші. Өмір жолы қалай басталған?

  • Барлыбек Сырттанұлы – XX ғасыр басында қазақтың саяси элитасында қалыптасқан үлкен бір реформатор буынның қатарындағы алғашқы қазақ зиялыларының бірі. Ол кісі 1866 жылы 23 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал-Арасан өңіріндегі Қарашоқы деген жайлауда туған. Ол кісінің білімге құштар болуы, өмірдегі өз жолын таңдауының өзі қызық. Әкесі Сырттан ел арасында батырлығымен аты шыққан кісі болған. Өз заманында генерал Колпоковскидің қасында жүрген серіктерінің бірі болыпты. Содан Колпокоский грант тағайындап, оның Тұрлыбек, Барлыбек деген екі ұлын оқуға алады. Олар Қапал пансионатын бітіргеннен кейін Верныйда білім алған. Бірақ, Тұрлыбек денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмай қалады, ал Барлыбек болса 1886 жылы Санкт-Петерборға өзі барып, шығыстану факультетіне түсіп, қазақ, түрік, араб, парсы тілдері бойынша білім алып, 1890 жылы бірінші дәрежелі дипломмен, алтын медалмен бітіріп шығады. Ал оған бастапқыда айтқанымыздай, Жетісу генерал-губернаторлығы стипендия тағайындап, сонымен оқып шықты ғой. Бірақ, мен Петербор мұрағатынан қызық құжат таптым. Сол өңірдегі ол оқыған гимназияның директоры генералдың атынан өтініш дайындатып, шығыстану факультетіне жібереді. Ал Барлыбектің арманы дәрігер болу екен. Әлгі құжаттарды директор жасап бергеннен кейін өзі бір ай уақыт қалғанда Санкт-Петербордағы әскери генерал-губернаторлығының медициналық оқу орынына құжаттарын жібереді. Бірақ, губернаторлықтың бағыттауымен ол аудармашы мамандығында оқуға мәжбүр болады. Алайда кейінірек ақыры медициналық білім беретін үш айлық курсқа қатысқан екен. Міне, осындай өжет, өз арманына қалай қол жеткізуге ұмтылатын адам болған. Тағы бір қызық дерек - шығыстану факультеті мен химия факультеті қатар орналасыпты, әлгі химия факультетінде әйгілі Менделеев сабақ берген. Ал сол Менделеевке парсы, шығыс тілдері бойынша кеңесші болған осы Барлыбек екен. Ал жалпы өзі ол 9 тілді меңгерген. Сосын Шоқан Уәлихановтың алты томдық еңбектерінің ішінде Шоқанның туысы болып келетін Сәдуақас Шорманов деген азаматтың есімі жиі аталады. Сол Шорманов Потанинге хат жазып: «Бүгінде қазақтың 30-ға жуық баласы әр жерде оқып жатыр, Омбыда, тағы басқа қалаларда дегендей. Соның бірі Сырттанов деген бала, сол балаға қал-қадіріңізше көмектесіп жүріңізші» деп, өз атынан стипендия беріп жіберген. Ал Шорманов Сырттановты қалай білді десек, ол кездегі «Дала уәләяты», «Түркістан уәләяты» секілді газеттер арқылы бір-бірінің есімдеріне, еңбектеріне қанық болған екен. Ал былай қарасаң, бірі Баянауылдың, бірі Жетісудің қазағы, яғни, туыстық және рулық тұрғыдан үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сөйтіп, Потанин Сырттановқа келіп, көмектесіп, тілеулес болып жүрген.

Барлыбек Сырттанов туралы материалдарды қалай таптың, оның еңбектерінің маңыздылығы неде?

  • Әлихандар 1890 жылы Петерборға келіп жатқан кезде Барлыбек оқуды бітіріп кеткен болатын. Ол оқу бітірген соң генерал-губернаторлықтың кеңсесінде қызмет атқарады, ірі лауазымды қызметтерге де тағайындалады. Ал кейінірек аса құпия шаралар бойынша басқарма басшысы болған. Қазіргі тілмен, айтқанда ұлттық қауіпсіздік комитеті секілді ғой. Сөйтіп патшалық империяның саясатын осы қызметте жүріп, меңгеріп біліп алды. Ал 1905 жылы патша үкіметі сыр білдіре бастап, түрлі оқиғалар болып, қазақ оқығандары демонстрацияға шығып, Алаш қозғалысын бастады деуге негіз бар. Сол жолғы Оралдағы жиынға Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратайұлы, ағайынды Досмұхаммедовтер де қатысқан. Содан 1909 жылы Барлыбек саяси көзқарасы үшін жұмыстан шығарылады. Сол жылы Столыпин қазақ жерлерін тәркілеу және қара шекпенділерді орналастыру деген реформа шығарды. Содан Барлыбек Жетісудің шұрайлы жерлерін бермеу мақсатымен Әлиханмен бірігіп біраз уақыт бойы хаттар жазып, оны Столыпиннің атына, үкіметтің атына, ішкі істер министрлігіне жолдағанымен, ешқайсынан мардымды жауап ала алмайды. Содан олар қандай жолмен оны шешеміз деп 1911 жылдың 13 маусымы күні «Қазақ елінің уставы» деп аталатын құпия алғашқы конституциялық заңды жазады. Бұл заң 4 бөлім, 28 баптан тұрады. Аталмыш жазылған құжат - сол кездегі АҚШ-тың, европалық парламенттің талаптарын білген, саяси мәселелерді жоғарғы деңгейде меңгерген адамның қолынан шыққаны айқын байқалады. Яғни, Әлихан Бөкейханов та Барлыбекке сенгендіктен осындай маңызды құжатты жазуды сеніп тапсырған. Бұл заң жобасы туралы барлығы білгенімен, ол жарияланбай қалады. Бірақ, 1914 жылы Барлыбек қайтыс болып кеткеннен кейін оның жазған заңының негізінде 1917 жылы Алаш бағдарламасы жазылды. Онда ең бірінші жер мәселесі, дін мәселесі және мемлекет қалпы сол бағдарламаға енгізілген. Тура осы нәрселер Барлыбектің заңында айтылған. Барлыбек сол өзі жазған заңында елді президент басқарып, парламент қызмет етуі керек дегенді келтірген.

Осы заңның, жалпы ол кісі туралы деректердің түпнұсқасына қалай қол жеткіздің? Осы жағын әңгімелеп берші?

  • Бұл туралы екі дерек бар: біріншісі – Барлыбекті ең алғаш зерттеген ғалым Сәкен Өзбекұлыны табуы: Барлыбектің өзінің кіндігінен тараған Ханифа деген қызы әкесінің бүкіл мүлкін, дүниесін алып жерге көміп тастаған. Тыңшылар келіп тексере берген соң ол тығып тастауға мәжбүр болады. Сол Ханифа кейін қазып алып, соны Сәкен ағаның қолына ұстатыпты. Бұл туралы деректі мен 96 жастағы, бүгінде көзі тірі Барлыбектің ұлынан тарап отырған, қазір Қарағанды қаласында тұратын немересі Мүгүлсім Қадырқызы деген ападан өз құлағыммен естідім. Ол кезде Мүгүлсім әже 18 жаста болыпты. Сосын тағы бір қызық дерек, Барлыбек Петерборда оқып жүрген кезде шәкіртақысына екі мың кітап сатып алыпты. Оның ішінде орыс және әлем әдебиетінде атақтары алысқа кеткен мықтылардың кітаптары болған. Солардың бірін қалдырмай елге алып келіп, кейін үлкен қызы Қайнар еліне ұзатылған кезде қызының жасауына әлгі кітаптарды қосып беріп жібереді. Қайнар елі дегеніміз – Ілияс Жансүгіров туып-өскен ел. Содан бұл кітаптар Қайнар еліндегі Смағұл қажы мешітінде тұрған. Ілияс осы кітаптарды оқып, білімін жетілдірген. Бұл туралы 1956 жылы «Қазақ әдебиетінде» Ілиястың қызын көрген Мәриям Елдарова деген замандасы мақала жазып, онда Барлыбектің осы кітаптарын оқып отырған Ілиясты көргенін айтады. Бұл туралы Ілиястың әйелі Фатима Ғабитова да растайды. Олар әулет болып бір-бірімен де араласқан. Былай айтқанда Ілиястың аталас ағасы Барлыбектің күйеу баласы болған. Содан бұл әулеттің Барлыбекке қатысы бар болғандықтан, күйеу баласы репрессияға ұшырап ату жазасына кесіледі. Сол кезде НКВД бүкіл кітаптардың тізімін түгендеп алады. Сол НКВД-ның қалай тізімдегені, қойылған қолдарының қағаз көшірмелерінің барлығы менде бар. Қанша кітап болғанын бәрін санаған. Мен бұл деректерді Талдықорған мұрағатынан таптым. Петербордан табылған 48 құжаттың ішінде – Барлыбектің дипломы, Верный классикалық гимназиясын бітіргендегі аттестаты, университетке жазған өтініштері, оқу барысында қолданған табелі, емтиханға кіру рұқсатнамасы, пойызға алған билеттері, жалпы, оқу бағдарламасына қатысы бар құжаттар бар. Олар бұрын-соңды жарық көрмеген.

Бұл енді қоғамдағы әдеттегі жаңалық ретінде айтыла салуы мүмкін. Ал шын мәнінде алғаш қазақ конституциясына негіз болған құжаттың табылуын үлкен бір тарихи жаңалық деп қарастыруға бола ма?

  • Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставы» деп аталатын заң жобасының табылуын тарихи жаңалық деп қарастыруға толық негіз бар. Қазақ зиялыларының алғаш оқи бастағаны туралы, жаңа заманға сай көзқарастарының қалыптасқанын, қазақты қайтсек ел қыламыз деп талпынғанын, бізде интеллегенттердің болғанын осындай деректер арқылы анықтай аламыз. Тұтас бір елдің алғашқы Ата Заңына негіз болған нормалық заңдық жиындық құжатын жазу деген – үлкен негізіміздің, іргетасымыздың болғанын айғақтайды.

Өзіңде бар деректерді жинастырып, топтастырып кітап ету ойда бар ма?

  • Жақында 21 шілде күні парламент мәжілісінде Барлыбек Сырттанұлының аты жеке-дара айтылып өтті. Марат Бопасов деген «Нұр Отан» партиясының мүшесі, парламент мәжілісінің депутаты және бұл кісімен бірге жеті депутат (Серік Үмбетов, Бейбіт Мамырайыов, Нұрлан Дулатбеков, Бақытбек Смағұл, Ерсұлтан Әбдіманап т.б.) аталмыш депутаттық сауалға қол қойды. Ал ол сауалда Барлыбек Сырттанұлының 150 жылдығын атап өту жөнінде үкімет басшысына сауал жарияланды. Сондай-ақ, бірқатар министрге де жеке-жеке ұсыныстар жолданды. Ұсыныстардың ішінде алғашқы құжат жазылған 13 маусым күнін атаулы күн ретінде күнтізбеге енгізу, ескерткіш тақтасын орнату, Талдықорған қаласындағы №25 мектепке Барлыбектің есімін беру сынды мәселелерге қатысты өтініштер бар. Сонымен қатар, Барлыбектану оқу курсын енгізу, Сәкен Өзбекұлы ағамыздың «Барлыбек Сырттанов» деген кітабын қайта жариялау, сосын заң ғылымдарының айналасында жүрген ғалымдарға, студенттерге, құқық қорғау органдарына, сот қызметкерлеріне Барлыбек Сырттанұлы атындағы сыйлық тағайындау мәселесін көтердік. Биыл мен оқырмандарға арнап екі кітап ұсынып отырмын. Мұның бірі – Барлыбек Сырттанұлының шығармалар жинағы. Оның ішінде әдеби мақалалары, ғылыми еңбектері, очерк, сатиралары және Петерборда медициналық үш айлық курс оқығаннан кейін елге келіп «Дәрілік өсімдіктер және оның қолданылуы» деген кітап жазған. Кітап орыс тілінде жазылған. Осыны қазақшаға аударып, кітаптың ішіне біріктіріп кіргізейік деп отырмыз. Бұлардың барлығы қазақ елі, оның ішінде Жетісу өлкесіндегі пайдасы мол дәрілік шөптер туралы, олардың қасиеті туралы жазған. Бұл еңбекті оқу арқылы қазақ оқырмандары туған жеріміздегі әртүрлі өсімдіктердің, шөптердің түрлі дертке шипа екенін біліп, қолдана алуына жүз пайыз кепілдік бере алар едім. Бұл халықтық медицинаны дамытуға, ел арасында табиғи өнімдерді қолдануға жол ашар еді. Осы арқылы оқырман өзіне пайдасына жарайтын бірнәрсе таба алса, Барлыбек бабамыздың еңбегінің еленгені деп есептеймін. Және бұл кітаптың тағы да бір құндылығы, ол кісі қайтыс болған кезде Әлихан Бөкейханұлы, Мұхаметжан Тынышпаев сынды замандастарының жазған естеліктері және ол кісі туралы әр жылдары жазылған зерттеу еңбектері – барлығы қамтылып отыр. Жалпы, кітап 560 беттік, 20 баспа табақтық үлкен кітап болайын деп тұр. Екінші кітап – «Барлыбек Сырттанұлының ғылыми-шығармашылық ғұмырнамасы – тарихи құжаттар негізінде» деп аталатын монография. Бұл менің жеке авторлығыммен жазылып жатқан дүние.

Жаңа ол кісінің есімін, еңбегін елеу туралы депутаттар сауал жолдады дедің ғой. Халық қалаулыларына бұл мәселені өзің жеткіздің бе?

  • Депутаттарға 8 ай бұрын ұсынылды бұл мәселе. Ол кісі 1866 жылы туған ғой. Демек 150 жылдығы 2016 жылы болды. Бірақ, ғалым туралы сол жылы ешкім мақала арнай қоймады. Өзім Алаштың әдеби мұраларымен ден қойып айналысатындықтан, бұрындары тарих, заң саласына араласа қоймайтын едім. Барлыбектануға келу себебім – ол кісінің ауылдасымын әрі ол кісі атындағы мектепті бітіргенім. 150 жылдығы қарсаңында ол кісінің еленбей қалғаны, үлкен қайраткердің есімін қоғамның ұмытып бара жатқаны намысымды оятып, тарихшылардың істемеген жұмысын қолға алдым. Барлыбек туралы естеліктер жинау кезінде академик Мәмбет Қойгелді ағамызға, профессор Берекет Кәрібаевтарға арнайы тапсырыспен мақалалар жаздырттым. Өйткені, ол кісілер Барлыбек туралы аса құнды мәліметтерді біледі. Сондықтан сол мақалаларды осы кітапқа жинақтап енгізіп берейік деп отырмыз. Депутаттарға осы тұрғыдан өтініш жасап, депутаттық сауал тастауға үндеу тастадым. Олар айтылған деректерді сараптап көргеннен кейін қолдау білдіріп, парламент қабырғасында айтты. Қазіргі таңда «Барлыбек Сырттанұлын тану, зерттеу мәселесі» деген тағы бір еңбекті қолға алып жатырмын. Осындай ел тарихына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалардың есімдері ешқашан елеусіз қалуға тиісті емес деп ойлаймын. Сол жолда аянбай еңбек еткім келеді.

Ақжігіт Қазбек,

Baq.kz


Комментарии (0)

    MERGENSOZ
    MERGENSOZ

    Amirzhan Kossan

    Повышение зарплат депутатов и полицейских - покупка их лояльности в ближайший период; следовательно, в скором времени в парламенте надо будет утверждать что-то особенное и нужно будет обеспечивать порядок во время возможных протестов.
    А учителя и врачи - подождут?!
    На месте школьных и медицинских профсоюзов я бы возмутился и призвал бы своих коллег проявить свой протест!

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    ALASHORDA - 100 JIL
    TUGAN KUN