MANYZDY
OZ OIYM

Bir maiittik donor 7 nauqastyn omirin saqtap qalady

Bir maiittik donor 7 nauqastyn omirin saqtap qalady

Қазіргі таңда елімізде донор болу мәселесі жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Бұл әлемде жаппай болмаса да, біртіндеп тәжірибеге енген және батыс елдерінде қалыпты жағдайға айналған үрдіс болып саналады. Дәрігерлер де бір адам мәйіттік донор болу арқылы бірнеше ондаған адамның өмірін құтқарып қалады деп отыр. Жыл ортасында Ақтөбеде қайтыс болған 22 жастағы жігіттің ағза мүшелерін дәрігерлер туыстарының рұқсатынсыз алып, үлкен дау туған еді. Кейін белгілі болғандай, мәйіттің туыстарына ескертпестен ағзасын алуға рұқсат беретін заң осыдан 8 жыл бұрын қабылданған екен. Тек халыққа дұрыс түсіндірілмей келген. Көкейдегі сауалдар түйінін тарқатпаққа Алматы облыстық ауруханасы жасанды бүйрек бөлімінің меңгерушісі Сәбира Сембиноваға хабарласқан едік.

Сәбира Заманбекқызы, елімізде марқұмның туыстары рұқсат бермесе де, оның ағзаларын донорлыққа пайдалануға бола ма? Бұл қаншалықты дұрыс нәрсе?

  • Шетелде бұл мәселе мейлінше тәртіпке келтірілген. Азаматтар саналы түрде өзінің өлгеннен кейінгі донор болуға келісімі бар-жоғын айтып береді. Сонымен қатар арнайы базада адамның қанының тобы қандай, денсаулық жағдайы жақсы ма, оның бүйрегін, жүрегін, бауырын қандай институттар кәдеге жаратады, барлығы тұрақты түрде зерттеліп, зерделеніп отырады. Ал бізде ондай ақпараттар жүйесі әлі қалыптасып үлгермеді. Бұған бірінші себеп - халықтың санасы бұған әлі дайын емес. Былтыр мысалы біздің Алматы облысы бір ғана мәйіттік донор берді. Алматыдағы көп профилді ауруханаға инсультпен түскен ұлты орыс кісі мәйіттік донор болды. Ол да бірден келісіле салған жоқ, біресе былай, біресе былай деп мәселе ұзаққа созылды. Бірақ ақыры жағдайы оңалмай, ми өлгеннен кейін туыстарымен психологтар сөйлесіп, дәрігерлер бақылауда ұстап, қала берді шіркеудің өкілін шақырып, сөйтіп бәрі сәтті шешілді. Ол жерде дәрігерлер өз туысы үшін жүгіріп жүрген жоқ қой. Сол адамның ағзасын пайдалану арқылы бір немесе бірнеше адамға өмір сыйлап қалғылары келеді. Негізінде адамның ағзасын ауыстыру операциясы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 169-бабы негізінде жүзеге асырылады. Аталмыш кодекс жүйесі 2009 жылдың 17 қыркүйегінде қабылданған. Сол 169-бапта «қайтыс болған адам тірі кезінде немесе оның жұбайы, жақын туыстарының бірі, не болмаса қандай да бір заңды өкілі тіндерін немесе ағза мүшелерін транспланттауға келіспейтіні туралы өтініш қалдырса, онда ол мәйіттен ешқандай ағзаның алынуына жол берілмейді» деп атап тұрып анық көрсетілген. Ал егер де консилиум тіркеген өлім фактісінің даусыз дәлелдемелері болса, мәйіттен транспланттау үшін тіндер және ағзалар алынуы мүмкін. Бірақ бұл заңның өзі дәрігерлерді тиісті деңгейде қорғап отырған жоқ. Ақтөбедегі донор дауы соның дәлелі. Халық құзырлы органдарға шағымданғаннан кейін, олар дәрігерлерді қайта-қайта сотқа шақырып, мазасын алып жатыр.

Ол үшін адам тірі кезінде донор болуға келісім беріп кетуі керек қой не болмаса қарсылығын айтып дегендей?

  • Тірі кезінде «мәйіттік донор болуға дайынмын» деп мәлімдейтін адамдар біздің қоғамда ілеуде біреу ғана кездесетін шығар. Мысалы, Германия, АҚШ елдерінде азаматтар жүргізуші куәлігін алған кезде бірден анкета толтырады. Ол анкетада донор болуға қатысты сауалдар тізбегі бар. Яғни, адам өз қалауына сай «тек бүйрегімді беремін» немесе «бауырымды беремін», не болмаса «толықтай мәйіттік донор боламын» деген жазулардың тұсына келісім белгісін қалдыруы тиіс. Қарсы болса, қарсымын деп қалдырады. Сол анкета толтырылғаннан кейін электронды базада ол адам туралы бүкіл ақпарат тұрады: бойы, салмағы, қан тобы, барлық ерекшелігі бар. Ми өлімі тіркелгеннен кейін алты сағаттың ішінде туысқандары шешім қабылдауы керек. Тиісті хаттамаға таныстым деп қол қоюы тиіс. Болмаса дәрігерлер үкімет есебінен қаржыландырылатын аппаратты жағдайы оңалмайтын пациентке қосып қойғысы келмейді. Бұл дұрыс та. Яғни, туыстары келісім берсе, дереу бәрін өшіріп, ішкі ағзаларын алу шараларын бастайды. Ал келісім бермесе, онда туыстары әлі де үміттеніп науқастың әрі қарайғы ем-домы үшін өздері қаржы төлеулері тиіс. Ал бізде мұндай тәртіп әлі бір арнаға түспеді. «Сіздің туысыңыздың миы өлді. Әрі қарай өмір сүріп кету ықтималдылығы тым төмен» десе, онда туыстары Астана мен Алматыдан профессорлар шақыртып, бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлап шу көтеріп жібереді. Содан келіп дәрігерлер науқастың қашан жүрегі тоқтағанша ұстайды. Өйткені, оларға да тыныштық керек.

Мәйіттік донорды пайдалану кезінде ағзаның жарамдылығы қалай тексеріледі?

  • Ми өлгеннен кейін туысқандарына таныстырмастан бұрын, алты сағаттың ішінде марқұмның барлық анализдері тексеріліп шығады. Әр ағзаны жеке-жеке қарап, жарамдылығына көз жеткізеді. Бүйректе ірің болса, оны алмайды деген сияқты. Жүректің функциясын эхакардиография деген аппаратпен қарап, тексереді. Содан кейін барып туысқандарының келісімінен соң трансплантологтар іске кіріседі.

Жалпы, мәйіт донорлығына сұраныс қаншалықты жоғары?

  • Ақпараттық анықтамаға сәйкес, қазіргі таңда елімізде ағзаларды транспланттауға мұқтаж адамдардың саны 3,5 мыңнан асып жығылады. Бөле-жара айтатын болсам, олардың ішінде 2,7 мыңы – бүйректі транспланттау, 500-і – бауырды, 150-і – жүректі, ал төртеуі өкпені ауыстыруға ниетті. Осы цифрлардың өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Орта есеппен алғанда бір адамның ішкі ағзалары 7-ге жуық адамның өмірін құтқарып қала алады. Өткен жолы Ақтау қаласындағы конгреске қатыстық, сол кезде Ұлттық трансплантацияны үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев «осы координациялық орталық ашылғалы бері 68 мәйіттік донор арқылы 200 адамның өмірін сақтап қалдық» деп айтты. Тағы бір маңыздылығы әрі пайдасы бүйрегі ауыратын адамдарды емдеу мен оларды аяққа тұрғызу үкіметке біраз салмақ салады. Ал осы мәйіттік донорды іске қосу арқылы сол шығынның тең жартысын үнемдеуге болады деген де болжамдар бар.

Мәйіттік донордан алынған ағзаның жұмыс істеп кетуіне, жарамдылығына қандай да бір кепілдік бар ма?

  • Мәйіттік донор мен ағзаны қажет етуші адамның қан топтары, басқа да ерекшеліктері мейлінше бір-біріне сай келуі тиіс. Талдықорған қаласында мотоциклден құлап қайтыс болған мәйіттік донордың ағзасын салған екі адамды білемін. Екеуінің де қазір денсаулық жағдайы жақсы. Әрине, көтермелеп, қолдап тұратын арнайы таблеткаларды ішуі тиіс белгілі бір мерзімде. Ол дәрі-дәрмек денсаулықтың бір қалыпқа түсіп кетуі үшін көмек береді. Әсілінде трансплантация елдің медициналық ахуалының қаншалықты мықты екенін де көрсетеді. Егер мемлекет күрделі трансплантациялық операцияларды сәтті жүзеге асыра алып жатса, онда елдің медициналық күш-қуаты мығым деген сөз. Зерттеушілердің дерегі бойынша қазіргі кезде донор берген бүйрек, бауырмен өмір сүріп жүрген 80 пайыз адам өмірде сәтті тіршілік кешіп, табыс тауып жүр екен. Тіпті ағза ауыстырған кейбір әйелдер жүкті болып, бала туып та жатыр.

Көбіне-көп мәйіттік донор атанатындар кімдер? Яғни, қандай жолмен көз жұмғандардың ішкі ағзаларына сұраныс түседі?

  • Өмір болған соң адамдар әртүрлі жағдайда көз жұмады ғой. Мамандар олардың денсаулық жағдайын сараптап барып, ағза қажет ететін науқастарға ұсыныс жібереді. Көбіне өлгеннен кейінгі донор болатындар – олар жол-көлік апатынан көз жұмғандар. Себебі ауыр жарақаттанатындықтан бірден миы өледі, дәрігерлер оларды мәйіттік донор ретінде қарастыра алады. Дегенмен, халық әлі бұл мәселеге мойын бұрмай, теріс көзқарас ұстанып отыр. Кейбірі дінді алға тартып жатады. Бірақ қай дінді алып қарасаңыз да қайтыс болған адамның ағзасын пайдалану арқылы өзге адамдарға өмір сыйлау мүмкіндігіне қарсы келмейді. Әрине, қайтыс болған адамның дене мүшелері бірден талан-таражға салынбайды ғой. Оның да өзіндік тәртібі бар. Алдымен алкогольдік және нашақорлық тәуелділігі, туберкулезге қатысы тексеріледі, қанның, дәреттің, қанның бихимиялық анализдері алынады. Сонымен қатар, мәйіттің денсаулығына қатысты уролог, кардиолог, невропатолог, гепатолог сынды мамандардың да қажетті кеңесі керек.

 


Комментарии (0)

    MERGENSOZ
    MERGENSOZ

    Amirzhan Kossan

    Повышение зарплат депутатов и полицейских - покупка их лояльности в ближайший период; следовательно, в скором времени в парламенте надо будет утверждать что-то особенное и нужно будет обеспечивать порядок во время возможных протестов.
    А учителя и врачи - подождут?!
    На месте школьных и медицинских профсоюзов я бы возмутился и призвал бы своих коллег проявить свой протест!

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    ALASHORDA - 100 JIL
    TUGAN KUN