MANYZDY
OZ OIYM

Ekonomikadagy basty ustanym – basekege qabilettilik

Ekonomikadagy basty ustanym – basekege qabilettilik

Әлемдік экономикадағы сан қилы саясат, қара алтын бағасының сәт сайын құбылуы күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Сарапшылар осындай жаһандық өзгерістерге жұтылып кетпеудің бір амалы ішкі нарықты нығайту дейді. Яғни, барынша сыртқы әлеммен бәсекелесуге қауқарлы, өндіруші сауда-саттық позициясын қалыптастыру керек. Осы ретте белгілі маман, экономист Мақсат Сералымен қазіргі доллардың жай-күйі, жанармай бағасының шарықтауы және экономиканың қай секторларына көңіл бөлу керектігі турасында әңгімелескен едік.

Нарықта теңге бағамы қайта-қайта құбылып тұр. Бұған басты себеп не?

  • Долларға тікелей әсер етіп тұрған нәрсе – мұнайдың бағасы. Негізінде нарықта тауардың саны көбейген сайын оның бағасы төмендейді. Егер тауар жетіспесе, бағасы көтеріліп кетеді. Ал мұнай шығарушы немесе мұндай өндіруші елдердің мұнай қорын арттырып, көлемін көбейтуі баға тұрақсыздығына әкеліп соқтырды. АҚШ, Иран елдері мұнайды аса жоғары қарқынмен өндіріп жатыр. Мұнайды нарықта қадағалау үшін OPEC келісімі жұмыс істейді. Дегенмен оған мемлекеттер келісіп отыр деп айту қиын. Себебі осыған дейін санкциялардың кесірінен Иран нарықтағы қаншама үлесін жоғалтып алды. Енді соның орнын толтыру үшін мұнайдың көлемін көбейтті. Сәйкесінше баға төмендеп келе жатыр. Бұл тікелей мұнай өндіруші және мұнайға тәуелді мемлекеттердің валюталарына әсерін тигізіп отыр. Оған Қазақстан да кіреді. Себебі біздің ел шикізаттық мұнай өндіреді және бюджетке түсетін ақшаның басым бөлігі шикізат сатудан түседі. Яғни, 53 пайыздан жоғары. Жоғарыда айтып өттік АҚШ, Иран, БАӘ елдері мұнайды қалағандарынша өндіріп, сата береді. Ал Қазақстанның мұнайы өзгелермен салыстырғанда бренд тұрғысынан төмен болып саналады. Ресейдің мұнайынан да бір-екі категория төмен тұрады. Яғни, әлемдік нарықта мұнай 50-55 доллармен сатылатын болса, біздің мұнайдың бағасы шартты түрде бұдан төмен. Ал валютаға келетін болсақ, Ұлттық банк нарықты көріп, бағалап, қадағалау жасап отырады. Екінші функциясы теңгені тұрақтандыру үшін нарықтағы теңге мен долларды сатып алу, сату арқылы жұмыс жүргізеді. Енді нарықтағы мұнайдың бағасы белгілі бір деңгейде тұрақталмайынша, валюта бағамы осылай құбыла береді. 4-5 теңге шамасына дейін көтеріліп, түсуі мүмкін, бірақ баяғы 260-280 бағамына оралмайды. Өйткені нарық оған мүмкіндік бермейді.

Ал теңгені біздің қаржыгерлердің, не болмаса Ұлттық банктің қандай да бір реформасы арқылы нығайтуға мүмкіндік бар ма?

  • Бізде бюджеттен қосымша ақша бөлу арқылы оны нығайтып, ұстап тұруға мүмкіндік бар. Бұл қадамға баратын болсақ, онда қазынадан миллиардтаған қаражатты суырып алуға тура келеді. Ал бұл бізге қаншалықты керек? Себебі, біріншіден ол халықтың ақшасы, ал оны теңгені ұстап тұруға жұмсап жіберу бюджет тапшылығына алып келеді, екіншіден бұл халық арасында түсініспеушіліктің туындауына алып келеді. Сондықтан Ұлттық банк қадағалаушылық міндетті ғана атқаруға мәжбүр. Ал егер 10 теңгеден жоғары өзгерістер болатын болса, онда Ұлттық банк координация жүргізіп, тұрақтандыруға кіріседі. Біздегі теңгенің тұрақсыздығы алдымен шағын және орта бизнеске үлкен зардабын тигізіп отыр. Мәселен, бір кәсіпкер Европамен келісімшарт жасасып, тауар экспорттауы немесе тауар импорттап алып келуі мүмкін. Шартты түрде 100 мың доллар тұратын құрылғы алып келуіңіз керек Қазақстанға. Кешегі келіскеніңіз бойынша баға 330 теңге еді. Бір ұйықтап тұрып қарасаңыз, баға 340 теңгеге өсіп кеткен. Бұл жерде кәсіпкердің табысы теңгемен келетіндіктен, долларға ауыстырғанда жеңіліп жатады. Қазіргі таңда бізде тауар айналымы көп болуы мүмкін, бірақ одан түсетін табыстың деңгейі азайды. Бұл шет елдерден, Қытайдан тауар тасымалдайтындарға тікелей қатысты.

Экономикалық жағдайлар осылай шиеленісіп жатыр. Оның үстіне бізбен бір экономикалық одақта отырған Ресейге санкция салынуы Қазақстанға қаншалықты теріс әсерін тигізуі мүмкін?

  • Біздің тауар айналымы тұрғысынан басты серіктесіміз Ресей Федерациясы. Ресейдегі жағдай бізге міндетті түрде әсерін тигізеді. Санкцияға байланысты Ресей тауарын жеткілікті түрде сыртқа шығара алмауда, зауыттары қиналып жатыр, бұл міндетті түрде бағаға, сосын бізге де әсер етеді. Одан кейін Ресейдің жалпы экономикасы, мұнай нарығы да бізге қатты ұқсайды. Сондықтан рублдің де көтерілуі немесе төмендеуі біздегі экспортер, импортерлерге де тиімсіз. Яғни, айналып келгенде солтүстіктегі көршіміздің экономикасындағы тұрақсыздық Қазақстанға да салқынын тигізбей қоймайды.

Соңғы бір аптаның көлемінде бензин бағасы да шарықтап кетті. Мамандар дәл қазіргі кезде бұлайша жанармай құнының өсіп кетуіне еш себеп жоқ еді дейді. Бұған не айтасыз?

  • Жанармай нарығының өзінде ойыншылар бар. Қазақстан әлемдегі мұнай өндіруші бірегей елдер қатарында екеніне қарамастан, елімізде бар-жоғы үш-ақ мұнай өндіру зауыты жұмыс істейді. Бұл өте аз. Мұнай жоқ Қырғызстанның өзінде үшеуі бар. Бағаға ең әсер етуші фактор – бәсекелестік. Бізде мұндай өндіруші зауыттардың саны көбеюі керек. Кем дегенде екі облысқа біреуден болса да. Жанармай барлық жерде қолданылады, ауыл шаруашылығы үшін де өте керек нәрсе. Оған сұраныс көп. Бізде баға жыл сайын көтеріліп отырады. Себеп, әлгі мұнай өндіруші зауыттар жөндеу жұмыстары үшін жыл сайын бір айға жабылады. Бірақ, бұл сылтау болмауы керек. Себебі ол демалысқа кететін болса, алдын ала нарыққа жеткілікті, бір айлық халықтың сұранысын қанағаттандыра алатын жанармайды шығарып кетуі тиіс. Сонымен қатар, жанармайдың 30 пайызын Ресейден алып келеді. Ал Ресейде қазір дағдарыс болып жатыр, ол жерде баға тұрақсыз және оны бері қарай тасымалдаған кезде қосымша шығындар кетеді: өзінің логистикасы, өзінің белгілі бір салық жүйесі деген секілді. Бұл, әрине, бағаға тікелей әсер етеді. Яғни, өнімнің өзіндік құны көбейеді. Міне, осы жағдайлар бағаның өсуіне әсер етіп отыр. Бірақ, бұл мәселелердің алдын алуға болар еді. Дегенмен, қазір кеш, себебі процес жүріп қойды. Енді келесі жылы осындай келеңсіздікті болдырмаймыз деп жоспарлап қоюға болады. Меніңше, жоспар құрғаннан гөрі бәсекелестікті арттырған тиімдірек болар еді.

Айналып келгенде табысы орташа мемлекетке жатамыз. Доллар мен бензин бағасы көтерілсе, қалтамыздың түбі көрініп қалып жатады. Осы тығырықтан шығудың бірден бір жолы экономиканы көтеру, өзіміздің ішкі өндіруші қуаттылығымызды арттыру ғой. Сол тұрғыдан алғанда Қазақстан қай салаларды дамытқаны жөн?

  • Дұрыс айтасыз, бензин бағасы өте қиын кезде қымбаттап отыр. Себебі егінге орақ түсетін мезгіл қазір, ал ауылшаруашылығында жанармай өте мол керек. Шаруалар жанармайды қымбатқа сатып алғандықтан, өндірген өнімінің де бағасы артады. Ал ол өнім қарапайым халыққа жеткенше тағы да өседі. Ал қазір халықтың сатып алу деңгейі төмендеді. Себебі табыс деңгейі сол қалпы қалды, ал баға өсіп кетті. Ауылдық жерлерде айлық табыс 40-50 мың теңгенің шамасында. Тұрғын бұрын бір айда 5 келі күріш жесе, қазір 3 келі жейді. Себебі баға өсті. Сондықтан біз бірінші кезекте экономикалық қауіпсіздікті қаперде ұстауымыз керек. Ол үшін ішкі нарықтағы тауар кем дегенде 80 пайыз өз-өзін қамтамасыз етуі тиіс. Ал қай саладан бастап дамыту керек дегенге келсек, күнделікті тұрмыстық тауардан, тамақ өнімдерінен бастаған дұрыс. Ал ол үшін бірінші ауылшаруашылықты дамыту керек. Адам қарны тоқ болған соң киім іздейді. Яғни, жеңіл өнеркәсіп басты назарға алынады. Одан соң барып адам білім беру, денсаулық сақтау салаларына мойын бұра бастайды. Келе-келе технологиялар, инновациялық жобаларға иек арта бастаймыз. Ауылшаруашылығын тиісті деңгейде дамытпай тұрып, инновацияға, басқасына ақша құю тиімсіз. Өйткені, ауылшаруашылық базалары қалыптасып, лабороториялар салынған кезде, сол жерде экономиканың іргетасы қаланады. Бұл ел экономикасының беріктігіне кепіл бола алады. Енді бір сұрақ туындайды. Ауылшаруашылығы ет болсын, басқа болсын бір өнім шығарды делік. Ол бәсекеге қабілетті ме деген сауал туындайды. Бұл тұрғыда дамыған елдердің мынадай саясаты бар. Ішкі нарықта белгілі бір тауар өндірілетін болса, онда сырттан келетін импорттық тауарға квота қойылады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан макарон өнімі бар. Ондай өнім Ресейден де, басқа елдерден де ағылып келіп жатыр. Дегенмен, Қазақстандағы өндірістің жыл сайынғы көлемін келісіп алып, басқа елдерден келетін өнімдер санын шектей аламыз. Қарапайым тұтынушы сөреде тұрған көптеген Қазақстанның өнімін көріп, соны ала бастайды. Осылайша біз табысқа жетуге қадам басар едік. Ең бастысы экономикада негізгі ұстаным бәсекелестік және соған қабілетті болу екенін ұмытпау керек.

Ақжігіт Қазбек

 

 


Комментарии (0)

    MERGENSOZ
    MERGENSOZ

    Amirzhan Kossan

    Повышение зарплат депутатов и полицейских - покупка их лояльности в ближайший период; следовательно, в скором времени в парламенте надо будет утверждать что-то особенное и нужно будет обеспечивать порядок во время возможных протестов.
    А учителя и врачи - подождут?!
    На месте школьных и медицинских профсоюзов я бы возмутился и призвал бы своих коллег проявить свой протест!

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    ALASHORDA - 100 JIL
    TUGAN KUN