MANYZDY
OZ OIYM

Alash qairatkerlerinin til turaly qanatty sozderi

Alash qairatkerlerinin til turaly qanatty sozderi

 Жақсы ақынның тілі - бал.

Шәкәрім

         Тіл – бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім

Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта.

                                                                                                       Ә.Бөкейхан

     Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.

 Ә.Бөкейхан 

     Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса – сөз кестелі болады.

Ә.Бөкейхан

Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап.

А.Байтұрсынұлы

Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.

А.Байтұрсынұлы 

Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.

А.Байтұрсынұлы 

Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

А.Байтұрсынұлы

Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.

         А.Байтұрсынұлы

        Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.     

                                                                  А.Байтұрсынұлы 

         Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып түзілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады.

А.Байтұрсынұлы 

         Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс.         

А.Байтұрсынұлы 

Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.

А.Байтұрсынұлы

         Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап.

А.Байтұрсынұлы 

         Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсіби, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір.

А.Байтұрсынұлы 

         20-ншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.

А.Байтұрсынұлы 

         Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы.

А.Байтұрсынұлы

         Қазақ алдақашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы.

А.Байтұрсынұлы 

         Сауатты адам жазғанда қол дағдысымен жазады.

А.Байтұрсынұлы 

         Тіл білімі ереже жаттату түрде үйретілмей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тану түрде үйрету керек. Сөздің тұлға, мағына жағын тануға керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс.

А.Байтұрсынұлы

         Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем де әліпби қолайсыз болады.

А.Байтұрсынұлы

Сөздің ең ұлысы – тарих!

А.Байтұрсынұлы

         Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.

А.Байтұрсынұлы 

         Жастардың оқу-тәрбие жұмысы  түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.

А.Байтұрсынұлы

Елде жоқ рух – ақын сөзіне қайдан келсін?!

А.Байтұрсынұлы

Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі.

А.Байтұрсынұлы

Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.

А.Байтұрсынұлы

Теңеу – ереуіл сөз.

А.Байтұрсынұлы

Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.

А.Байтұрсынұлы

Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп...соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады.

                                                                                              Ғ.Қараш

Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады.

                                                                                               Ғ.Қараш

Жалпы өнер білімнің ішіне ана тілі болуы да кіреді һәм мұның керісінше ана тілі болудан ұлттың білім өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім өнерді таратуға мүмкін емес.

                                                                                               Ғ.Қараш

Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың, өнері де өршімейді.

                                                                                               Ғ.Қараш

Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.

                                                                                               Ғ.Қараш

Ұмытпаңыз. Өзімізді басқа ұқсас халықтан айыратын белгіміз болған ана тілімізді білсек қана осы мақсаттарға жетпекпіз.

                                                                                               Ғ.Қараш 

Тіл ешбір уақытта өзге нәрселерге бас имеске тиіс. Біз оны бегірек те сүюге һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға борыштымыз. Тіл айна, оның ішіне бүтін халықтың тұрмысы түсіп тұрады.

                                                                                               Ғ.Қараш 

Тіл – көңілдің ашқышы,

Көңіл – жарық, жан – қия.

Білім – бақыттың басқышы

Қараңғыда жол қия.

Ғ.Қараш

Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады.

                                                                                 Х.Досмұхамедұлы 

Ақындық – табиғаттың саннан таңдап бірен-саран адамдарға беретін артық өнері. «Көп берілгеннен көп сұранады» деген нақылды ескертіп, аяғына дейін түзету керек еді. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлету, байыту – ақындардың мойындарына артылған зор борыш.

                                                                                 Х.Досмұхамедұлы

Сондықтан оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері.

                                                                                 Х.Досмұхамедұлы

«Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек».

Х.Досмұхамедұлы 

Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады.

                                                                                 Х.Досмұхамедұлы

Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген – адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды.

                                                                                 Х.Досмұхамедұлы 

Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.

                                                                                 Х.Досмұхамедұлы

Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды, бөтен тілдің сөздерін ана тілінің заңымен айтамын деп шатасады.

                                                                                 Х.Досмұхамедұлы 

Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі зор қата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек.

                                                                                 Х.Досмұхамедұлы 

Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, тілі бұзылмақшы. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Тілімізді бұзбай ұстарту шарттарын қарастыру, жұрт әдебиетінен, көркем әдебиеттен үлгілер көрсетіп, өрнекті түрлерімен таныстыру.

Х.Досмұхамедұлы

«Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз... Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғылсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық... Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр... Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі «Тіл құралы» екенін ұмытпасқа керек».

М. Дулатов

Һәркімнің ізіне түсіп қуған, үйренген бір ісі болады. Сол ісін ол басқалардан артығырақ біледі. Егер оқу, оқытуды машықтап, ол оқытудың һәм оқытқан нәрселерінің асыл тәртібін, түп негізін анық білетін кісілер жазу хақында өз пікірлерін түсінікті етіп жазса, сынаушы деп соларды айтуға жарайды.

М. Дулатов

Қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақша деп жазылған сөздердің әлгі кемшілігін құрту керек. Оны құрту үшін әуелі бел кемшіліктің қандай екенін білу керек.

М. Дулатов

Жер жүзіндегі езілген жұрттардың бірі біздің қазақ-қырғыз екені рас болса, бұл жұртты теңгеру үшін көзін ашып, өнер-білім үйретіп, үгіт-насихат тарату қажет болса, қазақ-қырғыз тіліне тоқтаусыз жол ашып, бүгіннен бастап «тілмаш жоқ, мінекей, тақсыр, тілмаш жоқ» дегізіп, қазақ-қырғызды енді сандалтпау керек.

М. Дулатов

Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын.

                                                                  М.Шоқай

Тіл – тек адамға ғана тән, аса құдіретті құрал. Сондықтан тілді қадірлеудің, әрбір сөздің мағынасын, мәнін ұғып, оны орынды пайдалана білудің мәні зор.

М.Шоқай 

         Көне сөздің бәріне күмәнді қарауға болмайды. Тіл – халықтың перзенті, ол адамзаттың тарихымен тығыз байланысты. Заманның талаптарына сәйкес әр уақытта жаңа сөздер пайда болады, кейбір сөздер пайдаланудан шығып қалып отырады. Сонымен қатар өзінің бастапқы мағынасын өзгертіп, жаңа мағынаға ие болатын сөздер де кездеседі. Бұл – барлық тіл атаулыға тән құбылыс.

М. Шоқай 

Түркістанда түрік қалады. Оны жоғалтау ешкімнің қолынан келмек емес. Біз бұған кәміл сенеміз. «Мемлекет аппараттарын ұлттандыру» жүзеге асырыла қалған күннің өзінде, біздің тіліміз өз жерімізде екінші орынға ығысады. Бұл ретте біздің ана тіліміз «ұлы орыстың рухани мәдениетін таратушы техникалық құралдың» рөлін ғана атқаратын болады.

М. Шоқай 

Халықтың басы қосылған орында қазақ тілінің маңызын, тілін жүзеге асыратын курстарға қолынан іс келетін таза жігіттерін жіберсін. Халықтың ұмтылуы, ел ынтасы деген осындай ретпен табылады. Істің бәрін жоғарыдан күтіп отырып өзіне берілген  хұқықтарын пайдалана алмаған ел еш уақытта қатарға кірмейді.

М.Тұрғанбаев 

         Езілген, тепкіленген, қорлық көрген, жабы болған, қайраты сынған, қам көңіл болып жүдеген, қазақ азаматтары! Сен бүгін тіріліп отырсың, сенің тілің хүкімет тілі болып отыр. Сол хүкіметтің толық құқықты нағыз мүшесі болып отырсың. Қазақтың келесі буындарының алдында өздеріңе қара деген таңба қалдырма!

                                                        М.Тұрғанбаев

Пән сөзін әуелі қазақтың өз тілінен іздеу керек; Онан табылмаған күнде басқа түрік қауымдарына кіріп кеткен сөздерден іздеу керек; Қазақтың өз тілінен де басқа түріктерден де табылмаған сөзді ғылымның шыққан елінен алуымыз керек.

М.Тұрғанбаев

Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы; һаман өсіп, өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын басынан кешірген дәуірлерін, дүниеге көзқарасын, нанымын – айманын, қайғысын, қуанышын, қысқасы жанының барлық толқындарын тұқымынан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы – сол халқының тілі.

                                                                          Ж.Аймауытұлы

Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. 

Ж.Аймауытұлы

Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін,ойлау жүйесін, ой фәлсәфәсін де меңгереді.

Ж.Аймауытұлы

Сөз – ойдың айнасы. Ойсыз сөз – сөз болмайды. Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді.

                                                                            Ж.Аймауытұлы 

Тіл – ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал. Әр заманда тіл ішкі сырды әр түрлі шығаратын болған.

Ж.Аймауытұлы 

...Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.

Ж.Аймауытұлы 

Қазақ тілінде артықша ымыра бар: Қазақ тілін басқа түркі тілімен салыстырып тексерсек: Қазақ тілі жат тілдердің ықпалынан аман сақталып, еркінше өсіп алға кеткенін көреміз.               

                                                                                                       Е.Омарұлы        

Барлық халықтарға ортақ сөздерді жатырқамау керек – деген дұрыс, бірақ жат сөздерді жалпыға бірдей деп, жат түрінде алуға болмайды, қазақ тілінің заңдарына келтіріп, қазақтың өз сөзіне ұсатып алу керек.

                                                                                              Е.Омарұлы

 

Жазудың, әдебиеттегі қызметі: тілдің өзгерісіне әсер беру емес, сол өзгерістен қалмай  еріп отыру, - болған өзгерісті қаттаб таңбалап отыру.

 Е.Омарұлы

Тілдің заңына келмейтұн жат сөздер көбейіп кетсе, тіл бұзылады, - тілдің негізгі қасиеттері, тұрлаулы заңдары бұзылады.

Е.Омарұлы 

Тіл – мәдени өркендеудің басты факторы. Тіл жоқ жерде халық, біріншіден, ұлттық бет-бейнесінен айрылып қалады, екіншіден, рухани, мәдени тозғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ал ой-санасыз сөз жоқ. Яғни, сөйлей білмесе, адамның хайуаннан айырмасы аз.

Т.Шонанұлы 

Тіл – адам жанының тілмашы.

                                                                                М.Жұмабаев

Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады.

                                                                               М.Жұмабаев 

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,

Таралған түрік балаларын баурыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!

М.Жұмабаев

Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай.

                                                                              М.Жұмабаев 

Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші.

                                                                              М.Жұмабаев 

Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты – балаға сөзді бұзып сөйлемеу керек.

М.Жұмабаев

Әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. ...Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. 

М.Жұмабаев

Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек.

С. Торайғыров 

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнім.

С. Торайғыров

Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!

М.Әуезов

Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.

М.Әуезов 

Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш, қырдағы қалың қазақтың осы күйге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі.

М.Әуезов

 


Комментарии (0)

    MERGENSOZ
    MERGENSOZ

    Amirzhan Kossan

    Повышение зарплат депутатов и полицейских - покупка их лояльности в ближайший период; следовательно, в скором времени в парламенте надо будет утверждать что-то особенное и нужно будет обеспечивать порядок во время возможных протестов.
    А учителя и врачи - подождут?!
    На месте школьных и медицинских профсоюзов я бы возмутился и призвал бы своих коллег проявить свой протест!

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    ALASHORDA - 100 JIL
    TUGAN KUN