MANYZDY
OZ OIYM

Sultanmakhmud Toraigyrov

Sultanmakhmud Toraigyrov

Бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа болады-мыс деген жараспал жаңа әдебиетіміздің «қатын ойбайға» айналып, әркім соны ән көріп бара жатқан соң, қазақ жазушылары-ау алдарыңа салып айтып отырмын: құр ойбай дегенмен ойбайдың да ойбайы бар ғой, жылаудың да жылауы бар ғой. Туыстағы тұрмыс дерті, зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып ықтиярсыз ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін қағып көңі толқыған, жүрек түйінін тарқатады. Мен анық ақ сүйек, аты жоғалмайтын өлең деп, өнер деп соны айтамын. Сырт көрінісі қатын ойбай тұрсын,  шайтан ойбай болып көрінсе де дәмі бар, маңызы бар ойбай сол, қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы сол. Соның үшін ондай «ойбай», ондай «бебеу» табыла қалса, салған жерден өзі де шертке шипа бола кетеді. Басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұрады. Марқұм Абай өлеңдері секілді.

Байтұрсынның «Қырық мысалдағы» мысал соңдарынан айтқан секілді. «Азаматтың», «Қайтер едің», «Шағым» деп өз басына түйіскендерін айтуы секілді.

Қарасақ бұл айтқандардың бәрінде де өздерін жұртқа ауыз айтып көрсетушілік бар. Мәселен, марқұм Абайдың:

 

                                  «Өткірдің жүзі,

                                  Кестенің бізі,

                                  Өрнегін сендей сала алмас...

 

                                  Саудырсыз сары қамқаны

                                   ..............................................

                                  Сезімде жаз бар шыбынсыз...»

         А.Байтұрсынның:

                                  Бәленің түрін көрген мен сары маса..

М.Дулатовтың:

                                  Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай

                                  ......................................................................

деген өлеңдері секілді. Бірақ айтқандары артығымен шын. Шын жылаған жастың тамшысы, рас қайнаған сорпаның сөлі  болғандықтарынан сезілмейді, сезілсе де басқалардыкіндей көзге қатал, көңілге суық тимейді. Қайта өзіңді сүйсіндіріп әкетеді. Осы айтылған ретпен болмай күндікке ізденіп, өзінше ойыңнан ұйқасыңқырап шыққан керекті-керексіз сөзді «өлең» деп қуанып жаза беру -  дерті жоқ кісінің ыңқылдағаны. Толғағы жоқ қатынның бебеулегені қандай жексұрын болса, бұ да сондай жексұрын болады. «Қисынсыз қышқырған неткен тантық» деп Абай айтқанның көбіне ұшырап жүргендер көп.

Нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тіліне деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың исі де жоқ. Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ болмағандардың ағыны теріс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын ойбай». Ал енді қазақты сіріге жамаған былғарыдай қай жеріне апарып жапсырамыз! Мен тілімізге шата тілдердің шатысуынан бегірек тілдің ағыны теріске бейімдеп, өріс алып бара жатуынан қорқамын. Біз бұралқы тіл кірмей ұйысқан сөз болса, ойбай мынау қазақша екен дейміз. Ескі сөздің қаспағына жаңа сөздің қаймағын апарып қатарластырып қарасақ та, ол ағын мен бұл ағынның арасы алты айшылық алыс кеткендігі көрінеді. Мәселен, мынау сөз:

«Әбілхайырдың Руссия қол астына кіруінің мақсаты һәм де қазақ хандарының халық қасында күшсіз екендігі, саяси істерде қазақ һәм басқа шарық халқының хайлакер, ант бұзғыш, суз-қасд екендігі Русь үкіметі қасында анық мағлұм болмағандықтан, Әбілхайыр ханның бұл өтініші жағарғы даһираларда  қуанышпенен қабыл етеді. Неге десеңіз, қан төгусіз, тек тұрғанда бірнеше милион халықтың өзі тіліп қосылуы Россия үшін бір шәриф еді».

Бұл мұсылманша оқу мен жазушы атына кірген жастарымыздың тұңғышының сөзі.

 Мұның аты: тіліміздің орнын сипалап қалуға бейімдеп бара жату болады.

Осы күні қазақша сөз  боп жазылады – қара бұқара жеңіл ұғынады. Егер орысша оқығандардың аузынан шықса, құдай өзің жөн бер!.. Шәкірттер өзді-өзі ғана ұғынады да қояды. Қара бұқара құлақты саңырау, дәнеңесін аңғаруға болмайды. Бұ... қалай?  Мен түсіне алмаймын, жауап та бере алмаймын. Бұларды мен сыншы болып жазып отырғаным жоқ; сыншы болуға өзім сыннан өткен кісі емеспін. «Сабасына қарай піспегі» көргенімше көзге шыққан көсеудей сүйелдерін ғана көрсетіп отырмын. Шын тездің қолына түсіп түзете бастаса, бір журналы бір кітаптың саны толтырар әдебиетімізді бар деп атауға болады. Бірақ жетілген жұрттардыкіндей азуы алты қарыс емес. Соған қарай сыншы да балаң, бар моншағымызды бай қызының қолындағысына апарып салыстыра берсек, біздің бұлбұл дегеніміз қарға болып, дүлдүл дегеніміз есек болып шыға бермес пе екен?


Комментарии (0)

    MERGENSOZ
    MERGENSOZ

    Amirzhan Kossan

    Повышение зарплат депутатов и полицейских - покупка их лояльности в ближайший период; следовательно, в скором времени в парламенте надо будет утверждать что-то особенное и нужно будет обеспечивать порядок во время возможных протестов.
    А учителя и врачи - подождут?!
    На месте школьных и медицинских профсоюзов я бы возмутился и призвал бы своих коллег проявить свой протест!

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    ALASHORDA - 100 JIL
    TUGAN KUN