MANYZDY
OZ OIYM

Zhusipbek AIMAUYTOV

Zhusipbek AIMAUYTOV

Ана тілі

Мектепте оқылатын пәндердің біріне бірдей керекті бәрін қаусырып, орын алатын пән ана тілі екендігіне дау жоқ. Ана тілін жақсы меңгеріп алмай, өзге пәндерге түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы; һаман өсіп, өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын басынан кешірген дәуірлерін, дүниеге көзқарасын, нанымын – айманын, қайғысын, қуанышын, қысқасы жанының барлық толқындарын тұқымынан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы – сол халықтың тілі.

Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой фәлсәфасін де меңгереді.

Тіл қалай пайда болған?

Тілдің қайдан шыққаны туралы бұрынғы психология кітаптарында екі түрлі пікір болған. Бір пікір: сөйлеу жоғарыдан берілген сый («Құдай бізге сөйлесін деп тіл берді») дейді. ( Бұл ескі Көрін Қадірдің пікірі). Екінші пікір: адамда келісіп, үйлесіп, сөйлеу сол берекенің нәтижесі болған дейді. Бұл пікір сөйлеушілерге мынадай сұрау қояр едік: адам ту баста сөйлей білмейтін болса, ана нәрсені олай деп атайық, мына нәрсені былай деп атайық деген сықылды қаулыға қалай келді екен? Қаулы қылу үшін сөйлеу керек қой.   

         Байқаймыз, тіл біржола туған жоқ сықылды; тіл бірте-бірте өсіп, жетілген, әр жұрттың тілі әртүрлі басқышта тұрған сықылды. Олай болса, тіл біржола, бір күнде, бір жылда туған жоқ, бірте-бірте дамып, өркендеп жетілді. Психологияның мақсаты: тілдің арғы тегін тексеру емес, тілдің өркендеу жолындағы басты-басты дәуірлерін қарап өту. Тіл – ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал. Әр заманда тіл ішкі сырды әртүрлі шығаратын болған. Алғашқы кездегі  адамның қызметі, көбінесе, жабайы қозғалыс болғанда соқыр сезім билеген еріксіз қозғалыс болса керек. Төңірегіндегі табиғаттың түрлі құбылысына кездессе, қорықса, қуанса, таңданса, бір жері ауырса, адам айқайлап дыбыс шығарып жүрсе керек. Сол дыбыс адамның қандай күйге түскенін маңайындағы басқа адамдарға білдірсе, міне сөйлеудің ең түбі осыдан басталған болу керек. Бұл – тілдің ең алғашқы дәуірі. Ендеше, алғашқы дәуірдің тілі, бұрынғыша айтсақ, «жанның түрлі күйін» қозғалу арқылы білдіретін құрал болған екен.

         Екінші дәуірде адам көзі көрген нәрселердің дыбысына еліктеуге талпынса керек; сол еліктеп дыбыс шығару арқылы нәрселердің пернесін белгілесе керек. Мәселен, ит туралы ойлау үшін «ау-ау» деп иттің дыбысына еліктесе, тыңдаушылар оны ұғатын болса керек. Сол тәрізді, арыстанды, қасқырды, мысықты, тағы түрлі аңдарды дыбысына еліктеп пернелесе керек. Найзағайдың шартылын, судың сарқырауын, ағаштың құлауын – бәрін де еліктеп атаса керек. Бұл екінші дәуір.

         Үшінші дәуірде нәрсе мен дыбыс арасындағы байлау үзіле береді. Нәрсені атау үшін, дыбысына еліктейді, басқа бір белгісіне, басқа бір пернесіне сүйеніп атауға айналады. Бұл  тілдің не дәуір өркендеген, жетілген заманы ғой. Әйтсе де ескіден қалған еліктеудің сарқыншағы осы күнге шейін сақталғандығы көрініп тұр. «Тарс-тұрс, күрс, күңгір, шиқ-шиқ, тыр-тыр, қылт-қылт, күж-күж...» сияқты одағайлар, содан шыққан етістіктер, есімдер – бәрі де еліктеудің салдары.

         Адам тілінің осылайша өркендеген дәуірін бала да басынан кешіреді. Бала шыр етіп жерге түскенде, дыбыспен бірге туады. Шыр ету – жаңа жат дүниеге келгендегі дүниенің шіміріккенін, жағымсыз мерзім пайда болғанын көрсетеді. Алғашқы кезде бір жері ауырса, не қарны ашса, дауысын шығарып жылайтыны еріксіз қозғалыс, соқыр сезімінен туған белгі ғой. Бала дыбысын шығара жүріп дыбысымен сыртқы заттар арасында байланыс жасап, перне туғызып алады. Мәселен, бір жері ауырғанда жылайды екен (тақылжыры бөлеуде жатып шыққан екен дейді, ондай әңгіме салақ шешелерге көп болады екен ғой). Жыласа, шешесі келіп, бірдеме істейді (шешіп алады, құрғатады) екен, содан барып жаны сая табады екен. Бұдан не байқалады? Бала жылау мен  тыныштану  арасында бір жақындық барын сезеді. Басқаша айтсақ, пернелері іліктеседі. Содан кейін, бала бесікте жатқысы келмесе-ақ, жылайтын болып алады. Бұл қай жылау десеңіз, ішкі тілегін білдірудің жылауы. Жүре-жүре бала ішкі тілегін сыртқа шығару үшін дыбысқа еліктейді. Сиырды – «мө-ө», қойды – «ма», мысықты – «мияу», итті – «ау-ау», дейтін болады.  Бара-бара олардың әлгіден басқа да аты барлығын естиді. Бір емес, әлденеше рет «сиыр», «ит» деген сөздерді естиді. Алғашқыда былдырлап, тілі жөнді келмей сүйте-сүйте машықтанып, әуелі бір буынды, екі буынды, содан кейін үш буынды сөздерді сөйлеп үйренеді. Төрт-бес буынды сөздерді бала көпке шейін айта алмаса керек. «Сәрсембай деші, қарағым» дегенде, баласы: «Сәрсе», әйтпесе «сәсе» дейтіні содан ғой. Балаға салғаннан қиын, көп сөз үйретпек болған ата-ана салғаннан қиын әңгіме, көп сан, терең мәселе туралы оқытпақ болған мұғалім – наданның наданы ғой. Бұл күнгі ересек адам тіл жүзінде ондай жетіліп, жүре-бара нәрсе мен дыбысы арасындағы байланысты қалдырған болса, бала да тап сол сықылды, пернелерді, онымен қатар сөздерді көбейген сайын еліктеуден шығып, ойын сөйлеммен  айтуға жарайды. Бірақ баланың сөйлемі де қысқа, жабайы, жеңіл болады. Бала түгілі қарапайым адамның да сөйлемі қысқа, жабайы, жеңіл келеді. Күрделі, қиын сөйлемдерді олай ұқпайды. Өйткені сөз, сөйлем дегеніміз, ұғыммен, біліммен қабат өсетін құрал болды ғой. Бұдан шығатын абырет:

         Оқытушылар, кітап жазушылар, газетшілер, саяси шешендер, әдебиетшілер, ақындар, сөздеріңізді өздеріңіз үшін емес, алдарыңыздағы балалар, қарапайым «үлкен балалар» үшін арнап сөйлеңіз, жазыңыз, әйтпесе, татымды пайда шықпайды, желге кеткен сөз болады.

Тіл туралы

         Газет, журнал бетінде кейбіреулер «Кітап сыны» деп жазып, сөз жазады. Өзі білмейтін, өз жерінде жоқ бір сөз тауып алса, «мынау әлдекімнің тілі?» деп жатырқайды. Бұл дұрыс емес. Себебін айтайық.

         Қазақтың әр елінде әр гүбірнесінде өздері ғана қолданатын, өзге елдер білмейтін тілдер бар. Мұны ғылым тілінде жергілікті тіл (провенциализм) деп атайды. Әдебиет қисынымен қарасақ, жергілікті тілдерді көп қолдану сөзді тарғылдандырып, ұғымсыз қылады. Бірақ ұғымсыз қылмайтын, пайдалы тілдер де бар.

         Қазақтың қай елінің, қай гүбірнесінің тілі нағыз қазақтікі, қай елінікі будан, былтық тіл екенін кесіп айту қиын. Бірақ қай ел болса да көрші елінің тіл әсерінен сау емес. Мәселен, бөкейліктер татардың, арабтың, парсының, орыстың әсері көбірек болған, дін басылар, қызмет басылар сол елдермен көп араласқан. Жетісу мен Сырдарияда өзбектің әсері бар, Қостанайда орыс, ноғайдың әсері мол. Семейде, Ақмолада да араб, орыс тілдерінен әсер бар. Қысқасы, бір жағы, діннің, екінші жағы, өкіметтің, тұрмыстың ықпалымен жаттан жапсырып алған тілдер әр елде бар. Айта берсек, нағыз қазақтікі дерлік таза тіл аз болып қалады. Тілдің бірталайы арабтікі, парсынікі, сарттікі, қыпшақтікі болып шығады. Мәселен, мына тілдерді қай елдікі дер едік: «Жауап», «ырас», «ылайық», «пайда», «дұрыс», «дерт», «дауа», «егер», «әр», «пенде», «кісі», «пара», «дос», «бақ» (бақша), «шатыр», «нұр», «залым», «зер», «мыс», «келдік», «өнер», «зақым», «топан», «мейман», «мысал», «дүм», «қымбат», «дәулет», «кеміл», «азат», «көр», «базар», «аспан», «берадар», мен... «дүкерт», «құп», «сақара», «данышпан»...

         Баға келсек, мұның бәрі парсынікі. Кейбірі ғана арабтікі. Бірақ бұл тілдер бізге әлдеқашаннан араласып, сіңісті болып кеткен, сондықтан жат тіл екенін өзіміз де білмейміз. Өзгесін шығарып тастар едік, жауап, ырас, дұрыс, пайда ылайық, әр, кісі, пара, дос, өнер, қымбат, базар деген сөздерді қалай алмай тұрармыз? Қазақтың «мен» деген есімдігі бөтеннен алынса не дауа қыларсың?

         «Зер» деп парсы жұрты алтынды айтады екен. Содан «зергер» туған. «Зер қадірін зергер білер» деген мақал да бар. «Келдік», «бас», «бас сүйек», «дүм» – «құйрық» («мылтықтың дүмі деп, дүміңді әрі сал» деп қазақ айтады); «қымбат» – баға («баға» да біздікі емес); «дәулет» – байлық, бақ («бақ» та біздікі емес; «азат» – еркін, бос, «көр» – соқыр, «шатыр» – театр, «бет – құл, «өнер» зеректік (талант); «мысал» ұйқас сықылды; бірадар – аға, «дүкірт» – ауырып қалды, «құп» – жақсы, «сақара» – шөл дала, «данышпан» – білгіш, о түгілі «қат», «қалам» – біздің тіліміз емес, «қат» – парсынікі, артікі десек, «қалам» – әрі үнді халқында, әрі грек (ионан) жұртында болған, бар тіл онымен тұра тұрсын.

         Әр елдің өз жерінде айтылатын тілдер бар. Семей, ақмолалықтар «дөкей» десе, торғайлықтар «әйдік» дейді. «Өңшең», «жаппай», «кілең» деген сөздер бар. «Бір келкі», «бір ыңғай», «бір өңкей» деген сөздер бар; «әтей», «әдейі», «тіпті», «тіптен», «жортаң», «жорма», «қасақана» деген сөздер бар, осылардың қайсысы дұрыс? Шын қазақтың таңбасы қайсысында басылып тұр? – айыру қиын. Бірақ сөздің өзін әр ел  әртүрлі айтады, өздерінше  «түзейді», басқаларша «бұзады». Мәселен, Семей жақ «кигіз», «кірпіш», «түндік» десе, Торғай жақ «киіз», «керпіш», «түңлік» дейді. Семей жақ «қора», «қестеу» десе, Торғай «көң», «қыстау» дейді. Қай ел беті ашық қораны «аула» дейді. («Қыстау» бар елде болса керек). Бір ел «ершік» десе, енді бір ел «ыңыршақ», «содүлке» дейді. «Арысты» «жетек», «дерте», «аглүбле» деп түрліше айтады. «Бел ағаш», «белдік», «білдік» деп түсіндіріледі. «Сереңке», «шырпы», «оттық», «шақпақ» деп түрлендіреді. «Танша», «құнан шығар», «тай өгіз», «тана» деп әртүрлі айтады. «Көпене», «шөмеле», «отау», «шошақ», «мая», «іскірт» деп түрліше айтады. «Ара», «ара темір», «пышқы» деп түрліше айтады. Осының бәрін ерінбей, жалықпай қарастырып, салыстырып отырсаң, әр ел өзіне сөйлеп жүрміз деп ойлайды. Біз пәлен елдікі дұрыс деп айта алмаймыз, үйткені «әйдік» пен «дөкейдің», «жаппай» мен «кілеңнің», «бір ыңғай» мен «бір өңкейдің», «жорта» мен «жорияның», «кигіз» бен «киіздің», «сіңді» мен «сіңлінің», «түндік» пен «түнліктің» қайсысы дұрыс деу – надандық болар еді. Бұлар бізге жат тілдер емес, бәрі қазақтікі, кейбір дыбыстары өзгергенімен қазақтығын жоймайды.

         Біздің тексеретініміз – бөгде, бөтен жұрттан өзіміздегі бар тілдің орнына тіл кіріп бара жатса, соны алып тастап, қазақ тілін аршып тазартып отыруымыз керек. Мәселен, «жетек» тұрғанда «аглүблені» алып келсе, «қора», «көң», «там үй», «кірпіш үй» тұрғанда «земленкені» қыстырса, «мая», «шөмеле» тұрғанда «іскіртті», «көпенені» қолданса, «оттық», «шақпақ», «күкірт» тұрғанда «сереңкені» қолданса, «ыңыршақ», «ершік» тұрғанда «сөдөнке» немесе «сөделкені» қолданса, - міне, бұзылып бара жатқан деп осындай тілдерді айтуға болады.

         Қазақ баласы бірінде жоғын бірінен алуға, ауысуына әбден болады, жатырқаудың керегі жоқ. Мәселен, Орал, Торғайдың «әйдігін», «кілеңін», «дырауын», «керімін», «қасқасын», «сойын» неге алмаймыз, әбден аламыз: бұлар әдемі сөздер, әдебиетке керекті сөздер. «Керім-кербез» деген сөз Абайда бар, «қасқа» мен «жайсаң» қазақта бар. «Сой» деген (ата тегі, тұқым) сөз біздің жақта жоқ, бірақ Кіші жүздің ақындарында, әдебиетінде бар тіл, оны алмасқа болмайды. Қазақтың өзінен жаңа тілдер көбейіп, табыла берсе, оған қуану керек: тіліміз сонда бай болады. Бөкейліктер «абиешшікті» «орман сақшысы» дейді екен, бері әкеліңіз, құшақтай аламыз.  Адайлықтар «сарнау», «зікір салу» дегенді «сарсалу» дейді екен, қойынға саламыз. Түркістандық «тораңғы» деген ағашты біледі екен – тағы аламыз. Торғайлықтар «бір ыстанса жер» дегенді «бір қызым үй жер» дейді екен, о да теріс емес. «Жер майын»-мұнай дейді екен – әбден жақсы. Ең аяғы «пробкені» біреу «бопа» деп атаған екен, қазақтікі болса – қабыл еттік.

         Бірақ кейбір ел татардан, арабтан, бөгде елден тіл қолданып жүрсе, оны ала алмаймыз. Мәселен: бөкейліктер «жалақыны» «ғалапа» (алапа) дейді екен, «жал ақы» тұрғанда оны алуға болмайды. Ал ай аттарын (дәлу, құт,...сәуір, зауза...) аламыз ба, жоқ па – оны айрықша сөйлесу керек.  Бір елдің тіліне бір елдің адамы күлу – бірінің-бірі тымағына күлген тәрізді нәрсе. Ол – тек заттың өзімшілдігі. Тегінде киімге күлудің қажеті жоқ. Тымақтың үлгісі, киімнің пішімі мәдениет жүзінде қандай екеніне айғақ. Киімі баяғы қалпынан мәз өзгермеген елдің салты да, санасы да пәлен өзгермеген болғаны.  Мәдениет адамға сырттан кіріп, ішіне қарай тереңдейді. Өнерлі елдің киіміне, үй тұрмысына еліктеу «сені тәуір көрем»-нің нысаны. Оны тәуір көрсе, оның өнерін де үйренбек. Қостанай, Семей қазақтары киімдерін ықшамдап, орыс, ноғайға еліктеген болса, олар мәдениет жүзінде өзге елдерден озық болғаны. Сырдың, Адайдың, Бетпақтың, Зайсанның қазақтары әлі баяғы кең қолтық, жуан етігімен жүрсе, ол кейін қалғанның нысаны. Кейін қалғанға күлу керек емес, жан ашу, аяу, жәрдемдесу керек.

         Қазақстанның ел болуы: үш жүзінің басы қосылуы, қыр мен сырдың жамырап табысуы бірінен-біріне түрлі өнегені жұқтырады, киім де, салт-сана да мидай араласады. Қазақтың астанасы Қызылордада тұрса, ондағы басқа елден барған азаматтар сырдың тілінен де телімін алады. Түркістан елдерінің «жүде», «құп», «қайыр» деген тілдері жалпы қазақтікі болып жетеді. Қайдан келсе де, қазақтың тілі болса, жатырқамау керек.


Комментарии (0)

    MERGENSOZ
    MERGENSOZ

    Amirzhan Kossan

    Повышение зарплат депутатов и полицейских - покупка их лояльности в ближайший период; следовательно, в скором времени в парламенте надо будет утверждать что-то особенное и нужно будет обеспечивать порядок во время возможных протестов.
    А учителя и врачи - подождут?!
    На месте школьных и медицинских профсоюзов я бы возмутился и призвал бы своих коллег проявить свой протест!

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    ALASHORDA - 100 JIL
    TUGAN KUN