MANYZDY
OZ OIYM

Шерхан МҰРТАЗА: Оралхан еске түскендегі елес пен ойлар

Шерхан МҰРТАЗА: Оралхан еске түскендегі елес пен ойлар

Адамның жазуында да мінез бар

Өзім басқаратын газетте оқта-текте «О.Бөкеев» деп қол қойған очерктер жарияланады. Ә дегеннен назар аударды. Автор аз ба, тәйірі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті басқа республикалардан, тіпті шетелдерден жазып жататын қаптаған авторлар.

Кейде бөлімге айтып, поштаны өзім шолып шығамын. «О.Бөкеев» деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым. Қолы қисықтау, қияңқылау көрінді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында да мінез бар. Жазуына қарап, сөзіне, сөйлеміне қарап, бұл хаттың авторын көз алдыма келтірмекші болдым. Алдымен өзім бұрын бірде бір рет көрмеген Алтай тауы келді көз алдыма. Бұрын көрмеген дүние көз алдыңа қалай елестейді? Сөйтсем, атақ-даңқы жер жарған Алтай тауын автор мына конверттің ішіне сыйдырып жіберген екен. Бірақ автордың өзін елестете алмадым. Көрейін дедім. Орынбасарым Тельман Жанұзақты шақырып алып, конвертті ұсындым:

 – Мынау адамды шақырт. Келсін. Командировка редакцияның есебінен, – дедім.

Тельман көркем жігіт еді. Ентігіп дем алатын. Сұлулана жымиды.

 – Байқаған екенсің ғой, – деді.

Арада шамасы жарты ай өткенде Тельман кабинетке бір жап-жас жігітті ертіп келді. Сұлулана жымиып:

– Мынау өзің айтқан... – дей бергенде,

 – Айтпай-ақ қой, таныдым, – деппін.

Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын-толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен. Мен қашан «отыр» дегенше кекірейіп тұрды да қойды.

Әттең, мен қалай байқамағанмын

Мойынқұмда мен де болғанмын. Малшылардың арасында апталап жүргенім бар.

«Лениншіл жасқа» қызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім. Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне жазу! Жазсаң – осылай жаз.

Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап, былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп-білмеген жердің тамырын басып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанын ұғып-білу жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған.

Әйтпесе сол құмда мен де талай рет болдым ғой. Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан бұйра құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы. Шопан үйі, қойы, иті т.б.

Ал, Оралханның көзімен қарағанда, мен бұл құмды өлкені тұңғыш рет көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға мінез біткен. Құм момақан екен. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен. Әдебиет пен әуен – егіз. Әуені жоқ, жүрегінде жыры, музыкасы жоқ әдебиет – көркем әдебиет емес.

Әттең, мен қалай байқамағанмын.

Ол мұхиттағы дауылға көп ұшырады

Әкесі Бөкейді мен Оралханның Алматыдағы үйінен көрдім. Сәлемдесуге бардым. Шап-шағын шахар кісі екен. Көп сөйлемейді, ал сөйлесе сөзі алтын жалатқан қорғасындай: әрі сұлу, әрі салмақты. Сөйлемінде қауыз-қылпық жоқ.

Ал анасы Гүля одан да шешен көрінеді. Бірақ өзім кездесе алмадым. Міне, осындай дүлдүлдерден туған Орекем нағыз оратор еді. Бойында баяғы би-шешендерден қалған әруақты, арқалы болмыс бар еді.

Оралханның оқуы да өзгеше. Университетті сырттай оқып бітірді-ау деймін. Сырттай оқитындардың, Құдай ықыласын салған, Оралхан сияқты бірен-сараны болмаса, көбінің сырын білеміз ғой. Ал Оралханның білімі «қызыл дипломмен» бітіргендерден көп ілгері тұратын. Бір әңгімеде Лермонтовты жақсы көретінін айтып еді. Өйткені өзі соған ұқсайтын. «Что без страданий жизнь поэта? И что без бури океан?» – деп тақпақтағанда орыстың майталман артистерінше, бірақ өзінше, ерекше акцентпен, шабытпен саңқылдар еді.

Ол мұхиттағы дауылға көп ұшырады. Майысса да сынбауға тырысты. Бірақ қайғыдан ауыр зілмауыр жоқ. Дімкәсі болушы еді, сол үдеп өкпе ауруханасында жатқанда Әбіш Кекілбай екеуміз бірге барып, сүйінші сұрадық. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болғаны үшін. Әбіш екеуміз Сыйлық комитетінің мүшесі едік. Хабарды алғаш бізден естіді.

Майлиннің «Шұғасын» оқығанда арқасы ұстап, орнынан атып тұрып, диванның үстіне шығып кетер еді

Атақ-даңқ Оралханның ауылын жағалап жүрді. Кітаптары, пьесалары орысшаға аударылды. Мәскеуден де, шет елдерден де шыға бастады. Қуанбай ма? Әрине, қуанады. Дос-жарандары, құрбы-құрдастары сондайда Оралханның үйіне жиналып, аяулы жары Айман жасаған мол дастарханның басында отырады. Орекем сондайда шешіліп, көсіліп, түйдек-түйдегімен саналуан әңгіме тиегін ағытады.

Шағын ғана кабинетінің іші – музей. Неше түрлі ескі қанжар, қылыш; әр жерден алған ескерткіштер, баяғы бабалар дулығасы, сауыты... Төрде керіскедей болып Алтай аюының терісі жатады.

«Лениншіл жаста» тек қалам ұстағандар ғана емес, домбыра да, тәп-тәуір ән салатындар да бар. Ақселеу – домбырашы, күйші, Кәдірбек – әнші. Өзгелер де құралақан емес. Оралхан да ән салады. Бірақ әні көбінесе мұң сарындас болып келеді. Ал енді көркемсөз айтқанда жандырады. Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» оқығанда арқасы ұстап, әруақ қысқандай, орнынан атып тұрып, диванның үстіне шығып кетер еді: «Әуре боп неге біткен ажар-көрік» – деп сыңсыта баяулата бастап: «Әне, – деді жолдасым, – әне, Шұғаның белгісі көрінді. Шұғаның белгісі!» деп оң қолын қамшы ұстағандай алысқа-алысқа, қиянға сермеп, түр-түсі бұзылып: – Әй, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау! – деп аяғын мұңды сазбен, өкінішпен, өксігендей болып барып бітіретін.

«Мен балалы болмайын деп жүр ме екенмін?!» – деп ызаланушы еді

Ән-күйлі, әңгіме-дүкенді әдемі отырыс та аяқталады. Қуанышқа жиналғанда үйді-үйіне тарайды. Сонда ол Айман екеуі ғана қалады. Екеуі ғана. Отасқалы қанша жыл болды: екеуден-екеу. Бала жоқ. Әлгінде ғана театрдағыдай жаз жайнаған үй енді жадау тартады. Сондайда Оралхан әлгінде аздап қана ұрттаған коньяктің әсерінен бе екен, әлде үйдің қоңылтақсып қалғанынан ба екен:

Жалғыз ұлы бардың,

Шығар-шықпас жаны бар.

Екі ұлы бардың,

Өкпе, бауыр, жалы бар.

Үш ұлы бардың,

Бұхарада малы бар.

 Төрт ұлы бардың,

Аспанға салған жолы бар, –

дейді де, алақандарын аспанға жайып жіберіп: «Құдай-ау, мен саған төрт ұл, үш ұл, тіпті екі ұл бер деген жоқпын ғой. Жалғыз ұлды да аядың ба? Жалғыз ұлды болып, соның тілеуін тілеп, жолында садаға кетіп, шығар-шықпас жаным жүрсе болмас па еді, Құдай!» – дегенде, Айман үн-түнсіз жылайды екен. Оның Құдайға айтар арызы – тек көз жасы. Ақыры опат болды. Жайын жәннаттан берсін.

Оралханның әкесі мен шешесі де төрт қыз өсіріп отырса да, жалғыз ұлды армандайды екен. «Бәрі де майданды» оқыған адам мұны түсінеді.

Бір кезде «за бездетность» деген салық болды. Әрине, ондай дуайпат салықты Оралханнан ұстайды. Сонда Оралхан салықтан қалған ақшаны ұстап тұрып:

– О, сығыр үкімет! Баласын қоқысқа лақтырып тастайтындарды жазаламай, мені жазалағаның неткенің? Мен балалы болмайын деп жүр ме екенмін?! – деп ызаланушы еді.

– Жылда-жылда кітаптарың шығады, әрбір кітабың бір-бір бала емес пе, – деп жұбатқысы келеді сырлас досы Оралханды.

 – Кітапты менің ақыл-ойым, сезімім, еңбегім береді. Ал баланы Құдай береді. Құдайдың құр қалдырғаны – қиянат емес пе?! – дейді екен Оралхан.

Ақыры Құдай оның наласына назар салып, аяса керек, кейін қосылған әйелінен бір ұл, бір қыз сүйді: Айхан, Айжан.

Төменге қараймын, енді Оралхан көрінбейді

Мен алпысқа толғанда Оралхан маған арнап екі-ақ абзац сөз жазды. Бірақ сол екі ауыз сөзге ол ширек ғасыр бірге болған ғұмырымызды сыйдырып жіберді:

«Аға! Мен сізді ешқашан аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алды мен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынымен де ат құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да, бірақ Сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім.

Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз. Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Мен кейде туған айымыз бен күніміздің (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, сіз алпыс деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» (1992ж.).

Соңғы сөйлем... Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын, енді Оралхан көрінбейді. «Шолпандай таң алдында туып-батты».

Сонда... Қатон-Қарағайғай, Шыңғыстайға барғанда, алқаракөк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар...


Комментарии (0)

    MERGENSOZ
    MERGENSOZ

    Amirzhan Kossan

    Повышение зарплат депутатов и полицейских - покупка их лояльности в ближайший период; следовательно, в скором времени в парламенте надо будет утверждать что-то особенное и нужно будет обеспечивать порядок во время возможных протестов.
    А учителя и врачи - подождут?!
    На месте школьных и медицинских профсоюзов я бы возмутился и призвал бы своих коллег проявить свой протест!

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    ALASHORDA - 100 JIL
    TUGAN KUN